KZ

Главная страницаФилософия самопознания
Балалармен әлеуметтік-педагогикалық жұмыс
Балалармен әлеуметтік-педагогикалық жұмыс
29 апреля 2022    Автор / К. Н. Төлегенова, №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясының әлеуметтік педагогі, Ақтөбе қаласы

«Біз бүгінгі кезеңнің міндеттерінен өзге қазіргі ұрпақтың келер ұрпақтар алдында орасан зор жауапкершілік жүгін арқалайтын, әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелері алдындағы жауапкершілігін күнделікті есте ұстауға тиіспіз» деп қазіргі отбасының әлеуметтік, мәдени, қоғамдық қызметі белсенділігінің маңызын жоғары бағалап, Республикадағы отбасылардың алдында қомақты міндеттер жүктеген.

Отбасы тәрбиесі – барлық тәрбиенің негізі. Өйткені балалардың туған кезінен бастап, есейгенге дейінгі уақыт аралығы өміріне арқау болатын тәлім-тәрбие отбасы мүшелері арқылы беріледі. «Жапырақ тамырдан нәр алады», – дейді халқымыз. Сол айтқандай, балалар әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін, еңбексүйгіштік қасиеттерді өзі өскен отбасынан алады.

Қоғамның бүгінгі жағдайында болашақ тәрбиесін отбасынан бастап, қолға алуға мемлекет тіпті әлемдік тұрғыда көңіл бөлуде. Оған 1989 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған, кейіннен 1995 жылы 5 шілдеде Қазақстанда қабылданған «Баланың құқығы туралы Конвенция» дәлел бола алады. Онда «бала толық және үйлесімді дамуы үшін, ол мейірім мен өзара түсіністігі бар, қызығушылыққа көп көңіл бөлетін бақытты ахуалдық ортасы бар отбасында өсуі қажет. Бала – әлі дене, ақыл-ой жағынан толықққанды жетілмегендіктен, олар туылғанға дейін де, туылғаннан кейінде ерекше мейірімділікке, қамқорлыққа әсіресе құқықтық қамқорлыққа мұқтаж» делініп, әрбір ата-ана жасөспірімдердің өркениетті елдерде қазіргі заман талабына сай білім алуын қамтамасыз етуге міндетті деп көрсеткен.

Жас ұрпақты тәрбиелеу жүйесі заман талабына сай қоғамдық өмірде болып жатқан ұлы өзгерістерге байланысты. Қазіргі заман жан-жақты үйлесімді жетілген жаңа адамды тәрбиелеуді талап етіп отыр. Қоғам талабы – заман талабы, өйткені әр адам – өз заманының баласы, сол себептен адамды заман билейді, заманына сай заңы туындайды. Сондықтан «Туа жаман жоқ, жүре жаман бар, заман түзелсе, қоғам түзеледі», – деп халық педагогикасы тәрбиенің заманға, қоғамға, оның материалдық, рухани байлығына тәуелді екенін дөп басып жеткізген.

Қазіргі таңда отбасы мүшелерінің теріс қылықтарымен келіспеушілік салдарынан қоғамда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар да көбейіп келеді. Отбасындағы теріс қылықтарды теріс әрекеттерді тудыратын негізгі факторлар: отбасында ата-аналар тарапынан үстемдік жағдайлар, яғни балаларының өз бетімен іс-әрекет жасауына жол бермеуі, өз өміріне немесе отбасына байланысты бірде-бір мәселені шешуге үй-іші кеңесіне қатыстырмау. Осының нәтижесінде бала отбасында болып жатқан әлеуметтік өмірге еңбекке, білімге, мәдениетке байланысты мәселелерге қатысты сыртта қалады. Бұл жағдай баланың танымдық қабілетінің дамуына рухани және адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына бөгет жасайды.

Көп жылдар бойы жүргізілген бақылау мен зерттеу жұмыстарының мәліметтері бойынша педагогтер мен психологтер отбасы тәрбиесінде кездесетін мынадай сәтсіздіктер мен қиыншылықтарды көрсетеді:

·         отбасы мүшелерінің, әсіресе әке мен ананың арасында бірыңғай талаптың көзқарастың жоқтығы;

·         отбасында балаға назар аударудың тапшылығы;

·         ата-ана мен бала арасында болатын келіспеушіліктер;

·         отбасында маскүнемдік, ұрыс-керіс неке бұзушылықтың болуы;

·         әртүрлі жағдайға байланысты баланың теріс қылығы бар адамдардың қарамағына түсуі.

Жетім балалар – жалғызбасты ата-анасының немесе екеуiнiң де қамқорлығынсыз қалған 18 жасқа дейінгі тұлғалар.

Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар – келесі жағдайда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуiнiң де қамқорлығынсыз қалған 18 жасқа дейінгі балалар:

·         ата-ана құқықтарының шектелуiне немесе олардан айырылуы;

·         ата-анасы хабар-ошарсыз кетті деп танылуына, әрекет етуге қабілетсіз (әрекет қабілеттілігін шектеу);

·         ата-анасының сырқаттануы;

·         қылмыстың жасалуына күдіктілер мен айыпталушыларды күзетпен қамауға алатын орындарында болуы, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуi;

·         ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, оның iшiнде ата-анасының өз баласын стационарлық үлгідегі тәрбиелеу, емдеу және медициналық-әлеуметтік мекемесiнен алудан бас тартуы;

·         заң тәртібімен белгіленген ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар деп танылуы.

Мүгедек – тұрмыс-тіршілігінің шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемiстiктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам.

Мүгедек бала – тұрмыс-тіршілігінің шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемiстiктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған он сегiз жасқа дейінгі адам.

Балаларға арналған интернаттық мекемелер – балалардың тұруы мен оларды ұстау үшін жағдай жасайтын балалар үйі, әлеуметтік-педагогикалық мекемелер, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттар, көмекші мектеп-интернаттар, арнайы жалпы білім беретін мектеп-интернаттар, арнайы емдеу-тәрбиелеу мекемелері және басқа мекемелер.

Ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеудің өзекті мәселелері. Балалардың қорғаныс дәрежесі – кез келген өркениетті қоғамның, мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағыттылығының басты индикаторы. Балалар – әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздықтан ең көп дәрежеде зардап шегетін азаматтардың санаты. Отбасы дағдарысы, көп отбасылардың ауыр материалдық жағдайы, дәстүрлі отбасылық қатынастардың күйреуі, ажырасулар санының артуы балалардың жағдайының нашарлауына елеулі әсер етеді. Соңғы жылдары болған өзгерістер бала проблемасын күрт өршітіп, осы салада қабылданатын шешімдердің ерекшелігін белгіледі.

Ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балалармен әлеуметтік-педагогикалық жұмыс бағыттары ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларды жаратпау жүйесінің дамуының алдыңғы кезеңдерінде қоғам мен мемлекет негізінен әрбір нақты бала үшін үйлеспеген әлеуметтік даму қаупі жағдайларын тудыратын жетім балалардың әлеуметтік төмен хәлін педагогикалық және экономикалық құралдармен жеңіп шығуға бағытталған болса, Қазақстандағы қоғамдық дамудың қазіргі замандағы кезеңіне әлеуметтік-экономикалық дамудың арқасында халықты әлеуметтік қорғау жүйесі біртіндеп құрылып келеді, оның маңызды бағыттарының бірі жетім балалармен ата-ананың қамқорлығынсыз балаларға әлеуметтік қолдау көрсеті болып табылады, ол келесі құрамдас бөліктерді ескертеді:

·         отбасыны әлеуметтік қолдау мен баланы отбасында сақтап қалу бойынша шаралар;

·         әрбір жетім бала үшін отбасылыққа барынша жақын болатын әлеуметтік тәрбиелеу мен даму жағдайларын жасау бойынша шаралар;

·         интернаттық мекемелердегі жетім балаларға сапалы білім беруді, тәрбиелеуді және әлеуметтік сүйемелдеуді қамтамсыз ету бойынша шаралар.

Ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларды әлеуметтік қорғау бойынша әлеуметтік саясатты жүзеге асыру нәтижесінде қоғамдық дамудың қазіргі кездегі кезеңінде келесі тенденциялар байқалып келеді.

·         Қазақстанда ана мен баланы әлеуметтік қорғау жүйесі әзірленді, бұл қоғамдағы әлеуметтік жетімдіктің алдын алу механизмдері болып табылады;

·         әрбір балаға әр түрдегі отбасылық тәрбие беру (қамқорлыққа алу, қамқоршылық кепілдендіріліген ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларды дамыту мен білім берудің алуан түрін алу үшін қолайлы жағдайлар жасалған, балаларға күрделі мәселелі жағдайларды көмек көрсетіп, қорғауға кепілдік беретін жетім балаларды педагогикалық және әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу жүйесі құрылған.

Ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға арналған мекемелер жүйесінің дамуы қамсыздандырылған және баланың тіршілік әрекетін отбасылық сипатта құрылуын қамсыздандыратын жаңа мекемелер түрлері қалыптасты.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен әлеуметтік-педагогикалық жұмыстан күтілетін нәтижелері:

·         жағдайды тұрақтандыру;

·         тұрғын үйді немесе материалдық көмекті алуға жеңілдікке кезекке тұрғызу үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш жасау;

·         әлеуметтік статусты белгілеу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесу;

·         мекемедегі әлеуметтік-педагогикалық жағдайды жақсарту, балалардың психологиялық күйлерінің жақсы әлеуметтік хал-ахуалын бақылап, талдау.

Отбасында тәрбие үдерісін шебер басқару үшін, ең алдымен, ата-ана өз өмірін, өз ісін дұрыс ұйымдастыра білуі қажет. Бұл жөнінде А. С. Макаренконың мына пікірін естен шығаруға болмайды.

Ол – «тәрбие жұмысының дәл мәні... Сіздің баламен тіпті көзбе-көз әңгімелесуіңізде емес, сіздің балаға тікелей әсер етуіңізде емес, ол сіздің өз отбасыңызды ұйымдастыруыңызда, сіздің жеке және қоғамдық өміріңізді және бала өмірін ұйымдастыра білуіңізде», – деп жазды.

Добавить комментарий



Комментарии (0)


Этот материал еще никто не прокомментировал.